Автор: Марсель Дзама
Turning Points: Global Agenda 2026
Екі жүз жылдан астам уақыт бұрын суретші Франсиско Гойя ақыл-ойдан бас тарту мен көз алдымыздағы ақиқатты елемеу қоғамды әлсіз ететінін ескерткен еді. Оның сол сөздері әлі күнге маңызын жойған жоқ.
Ақиқат аса маңызды, әсіресе қазір. Біз ақыл-ойды менсінбеу, қудалау мен қисынсыздық белең алған кезеңде өмір сүріп отырмыз деп ойлаймын.

Осы тақырыптарды зерттеу үшін мен “Ақиқаттың ұйқысы” атты сурет салдым. Маған испан суретшісі Франсиско Гойяның атақты “ Ақыл ұйықтаса, құбыжықтар оянады” атты гравюрасы шабыт болды. Бұл туынды – 1799 жылы жарық көрген Los Caprichos («Капричос» немесе «Қыңыр мінездер») атты 80 гравюрадан тұратын серияның бірі.
Мен бұл топтамаға жиі көз салып тұрамын, себебі ол өмірімнің әр кезеңінде, әсіресе кейінгі бір жылда, маған терең ой мен сарқылмас шабыт сыйлап келеді.
Гойя «Капричосты» жасаған кезде Испанияда да, жалпы Еуропада да саяси күйзеліс күшті болған. Қоғамдық өзгерістер қызу жүріп жатқан Француз төңкерісі өрістеп, Испанияда монархия зиялы қауымды, Гойяның достарын да қудалай бастады. Соған жауап ретінде Гойя ақсүйектерді, зорлық-зомбылықты, дін өктемдігін және фанатизмді сынады. Мұндай көңіл күй оның шығармаларынан айқын көрінеді. XVIII ғасырдың соңында Испанияда үрейлі ырым-сенімдер кең тараған еді, ал Гойя мұндай түсініктерден сырт айналды. Керісінше, ол қиялды, парасат-пайым мен еркіндікті қолдады.

Тарихтың осы кезеңінен бүгінге дейін тікелей байланыс бар екеніне күмән жоқ.
Мен қандай да бір туынды жасамас бұрын тарихи контекст пен мифологияны ұзақ зерттеймін. Жақсылық пен жамандық, қиял мен шындық арасындағы тартыс пен символизмді ойнақы түрде ашатын “Ақиқаттың ұйқысында” алдыңғы жақта ұйықтап жатқан әйелді түрлі мифтік әрі құбыжық кейіпті жануарлар қоршап тұр. Әйел ұйқыға кетер алдында испан тіліндегі verdad – «ақиқат» деген сөзді жазып қойған.
Мен Гойямен ерекше байланыс сезінемін, өйткені мені де жануарлар мифологиясы қатты қызықтырады. Менің құбыжық бейнелі жануарларымның арасында жарқанат, үкі және есек бар.
Ес білгелі мен жарқанаттарды жиі бейнелеймін, себебі олар жаман атқа ие тіршілік иелері. Жарқанаттар көпшілікке үрей тудыратын, түнмен байланысты жаратылыс болып көрінеді, бірақ олар біздің экожүйеміз үшін аса маңызды. Олар масалардың санын табиғи жолмен реттеп отырады, сондықтан олармен қатар өмір сүрудің жолын табу – маңызды міндет. Жарқанатты әр салған сайын осы парадокс жайлы ойланамын, қазір олар маған тіпті ыстық көрінеді.
Үкілер – «Ақиқаттың ұйқысында» бейнелеуді таңдаған тағы бір түнгі тіршілік иесі, шығу тегі қарама-қайшылыққа толы жаратылыс. Кейбір мәдениеттерде үкілер өліммен немесе жамандықпен байланыстырылған, сондықтан адамдар олардан қорқады. Түнде үкінің даусын естісем, бір жағынан жүрегім лүпілдейді, екінші жағынан итімді алып кетпей ме деп аздап қорқамын. Бірақ үкілер даналық пен руханиятты да бейнелейді, ал кейбіреулер «үкіні кездесдестіру – абай болу керек деген белгі» дегенге сенеді.
Одан бөлек, картинаның сол жағына есекті қосуды жөн көрдім, өйткені бұл жануар ақымақтық пен қыңырлықтың нышаны саналады. Меніңше, ол – қазіргі аумалы-төкпелі саяси кезеңге сай келетін дәл бейнелі метафора.

Тарих әрдайым қайталанып отырады. Қазір біреулер қорқынышқа толы түсте өмір сүрсе, енді біреулер жалтыраған сарайларда өмір сүріп жатыр. Ал бүгінгінің құбыжықтары кімдер?

