Ұлы Дала Үні

Парадигма азабы: неге бізге ментальды революция қажет. Қуат Акижанов

Автор: Қуат Акижанов, экономист, сарапшы

Менің балғын балалық шағым қайта құру кезеңінің дүрбелеңімен тұспа-тұс келген еді. Ол кездері біздің көпшілігіміз онша түсіне бермейтін «жариялық», «қайта құру прожекторы», «жаңаша ойлау»… секілді біртүрлі сөздер жиі айтылатын. Дегенмен сол тұста осының бәрі әйтеуір серпіліске, жаңғыруға, жақсы өмірге бастайтын үмітті жол секілді көрінетін. Алайда ондаған жыл өтсе де, біз сол уәделі өзгерістер декорациясының ішінде қатып қалғандаймыз – «жаңаша ойлаудың» соңынан өзімізді жаңа қырынан түсінуге талпыныс сол күйі болмағанын байқамадық.

Посткеңестік дәуір деп аталған кезеңнен аттап қадам басқанымызға да отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы отыз жылды үздіксіз ізденіспен өткізе жүріп, өзімізше «бірден-бір дұрыс жолды» таптық деп сендік. Ол жолымыз нарықтық экономикаға, жеке бастамаларға, жаһандану мен «бостандыққа» қарай бағытталған жол іспеттес еді. Сөйте тұра, тек бір нәрсені өз атымен атаудан қашқақтадық: «капитализм» – бұл біз үшін ең «үрейлі» сөз секілді болды. Әлбетте, бұл сөз бір жағынан «сәннен қалғандай» көрінсе, екінші жағынан оны айтқан адам қандай да бір «бұрыс идеяларға» бүйрегі бұрып тұратындай әсер қалдыратын-ды. Алайда біз сол «бостандық» қалай бейқамдықтың, менмендік пен теңсіздіктің жамылғысына, ал нарық монополияның, әділетсіздік пен әлеуметтік-саяси деградацияның синониміне айналғанын аңғармай қалдық.

Қазақстан қоғамы әлі күнге дейін өзін-өзі саралауды, сараптауды үйрене алмай келеді. «Даму», «инвестиция», «реформа» туралы ойланғанда қолданатын тілдің өзіне күмәнмен қарай алмаймыз. Бұл сөздер бізге алдымен орыс тілінде,  Мәскеудегі интеллектуал орталықтар мен батыс баспасөзінен енді. Ал қазір оларды жаңа буржуазия ағылшын тілінде – TED баяндамалары, донорлық жобалар, қалаларда өтетін форумдар арқылы таратып жатыр. Әйтсе де, ол сөздің түпкі өзегі еш өзгерген жоқ: бұл – бізге сырттан таңылған, әлемді тек бір болашақпен – неолибералдық капитализммен байланыстыратын ойлау жүйесі. Бұл – «әркім өзі үшін, бәріне ортақ бір Құдай» деген қағидасы бар жүйе.

«Қанды Қаңтар» оқиғасы бізге жылт еткен үміт отын сыйлады – бұл тек саяси емес, менталды серпіліс болады деген үміт болатын. Бірақ өткеніміз, бүгінгіміз бен келешегіміз жайлы тереңірек қоғамдық әңгімені бастаудың орнына біз тағы да үнсіздікке сіңіп кеттік. Біздің зиялылар, элита – олар кімдер? Қайда жүр? Жаңа идея ұсынудың орнына неліктен ескі мантраларды қайталайды? Мемлекет тоғыз тараулы таңдау алдында тұрғанда неге олардың үні шықпайды?

Біз path-dependency (сөзбе сөз алғанда «таңдалған бір ғана жолға тәуелділік») дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – бір кездері еріксіз түскен соқпақтан шығуға дәрменсіз болып келеміз және сырттан таңылған капиталистік идеологияны білдіретін марксистік интерпретация бағытынан инерция бойынша жүре беру – еліміздің ескі сүрлеуге түсіп, қайта төмен сырғанауымен тең. Көп жағдайда мұндай жол елді құлдыққа, кедейлікке, соғысқа апарады… Алайда, біз Қазақстанның Екінші әлем, социалистік әлемнің бір бөлігі ретінде ұлы мұраға ие болғанын етен шығардық. Аталарымыз олигархиялық капитализм емес, индустрияны, ғылымды, мәдениетті, әлеуметтік әділет жүйесін құрған болатын — ал, бұл шынайы эмансипация сезімін берген еді. Біз еншімізге тиген мұндай мұра үшін үлкен құн төледік, бірақ оны түсінген де жоқпыз. Бүгінгі күні біз тек экономикалық емес, менталды деңгейде де қарызға өмір сүріп жатырмыз — келешек ұрпақтың еншісінен қарыз алып, сырттан ұсынған дайын мәзір мен әдемі презентацияларға сенеміз.

 Бізге стартап-мәдениетімен, «жасыл өсумен», «қаржылық сауаттылықпен» әшекейленген «прогрессивті» неолиберализмді таңуда. Алайда бұл да алдындағы идеологиялар сияқты бізді ең маңызды нәрселерден: қайта бөлу мәселелерінен, экономиканың құрылымдық өзгерістерінен, игіліктерге тең қолжетімділіктен және ең ақыры адамдық қадір-қасиетімізден алшақтатады. Егер бүгін нақты күрес бар дейтін болсақ, бұл күрес «консерваторлар» мен «либералдар» арасында емес, «кешегі Кеңес кезеңін аңсаушылар» мен «жас реформаторлар» арасында емес,  автоматты ойлау мен интеллектуал рефлексия арасында болып жатыр. Былайша, айтқанда өткенді қайталау мен тың ізденіс арасында жүріп жатыр.

Бізге, интеллектуал элитаға — оқытушылар, журналистер, ғалымдар, суреткерлер, ойшылдарға — жауапкершілікті өз қолымызға алу керек. Өзгенің идеясын көшіріп таратуды доғару қажет. Біздің тарихымызда ұлтымыз ұялатындай ештеңе жоқ, өткенімізден ұялып, өзге біреудің болашағының көшірмесін жасауды қоюымыз керек. Бізге жаңаша ойлау жүйесі қажет, бірақ бұл — құр ұран емес, шынайы, қажырлы да адал интеллектуалдық жұмыс. Уақыт бір орнында тұрмайды. Уақыт — зымыран. Бәлкім дәл қазір — жадымызда қалған ескі жарақаттан кейін, үзілмес үміт пен біртоға үнсіздіктен кейін — бәрін қайтадан басынан бастауға болатын сирек сәттің кезі де келіп тұрған шығар. Ал мұндай сәтті реформалардан емес, инвестициялардан емес, PowerPoint есептерінен бастаған дұрыс емес. Ең алдымен сананы қайта құрудан бастау керек. Өйткені, ойлауды өзгертпей — ештеңені де өзгерте алмаймыз.

Неолибералдық ойлау тұзағы: су бізге ауа болып көрінгенде

XX және XXI ғасырлар тоғысында Қазақстан идеялар уақытсыздығының құрығына тап болды. Біз қолымызға өзгенің карталары және өзгенің ережелерін ұстаған күйі жаңа дәуірге өттік. Бізге ойлануға мұрсат та, ұсыныс та берілмеді, тек дайын дүниемен келісу ұсынылды. Біз келістік. Неолибералдық идеологияның үстемдігі — бұл тек экономикалық стратегия емес, бұл — жаһандық капитализмнің билеуші таптарының саяси-экономикалық жобасы. Қазақстан мұны жай ғана қабылдап қойған жоқ, Қазақстан оның құрбанына айналды. Нарық еркіндігі мен инвестициялардың тартымдылығы деген желеумен елімізге басты мақсаты байлықты шағын ғана топтың пайдасына қайта бөлу болып көзделген тәртіп енді. Сол шағын топтың өзі активтерді, ағындарды және дискурстарды бақылайтындар болды.

 «Реформа» мен «жаңғырту» болып бүркемеленген бұл жоба тәуелділіктің жаңа түріне айналды. Біз жаһандық капиталистік жүйеге шикізат жеткізуші, арзан жұмыс күшінің көзі және басқарылатын нарық ретіндегі рөлде кірдік. Өнеркәсіп жекешелендірілді, ғылым әлсіреп шайқалды, қоғам атомданды. Капитализм өзінің күні батып бара жатқан, бәлкім өзін өзі жалмайтын кезеңі де осы шығар — біздің елімізде әсіресе гротескті түрде көрінді. Ал ең сорақысы — ол бізге қандай да бір табиғи, жалғыз ғана шынайы мүмкіндігі бар жол секілді қабылданды.

Әлемдік талдау-жүйесі тұрғысынан қазіргі капитализм өзара байланысты бірден үш дағдарысты бастан кешіріп отыр: экономикалық, саяси және экологиялық. Қаржылық тұрақсыздық, қарыздың ұлғаюы, жаңа жаһандық күйзеліске түсу қаупі бар. Саяси радикализация және бұқара халықтың саяси институттардан алшақтауы. Тек пайданы ғана көксейтін соқыр ұмтылыстың және бақылаусыз тұтынудың салдарынан климаттық құрдымға ұшыраудың қатері де бар. Ал осынау дағдарыстардың барлығы Қазақстанда да көрініс беріп жатыр. Біз ұзақмерзімді дамудың қысқа мерзімді пайдаға бола құрбандыққа шалынған моделінде өмір сүріп отырмыз. Мұндай жағдайда «реформа» дегеніңіз қысқарту, жекешелендіру және дерегуляцияны көксесе, ал «өсу» дегеніңіз халықтың өмір сапасының жақсаруы емес трансұлттық корпорациялар пайдасының өсуі болып отыр. Тіпті біздің шындықты шырқырата сипаттайтын тіліміздің өзі де сырттан келді: grants, hubs, investments, human capital, startup ecosystem… Ал бұл сөздердің түпкі өзегінде қоғам шарты жоқ, әлеуметтік әділеттілік көрініс таппаған, «жеке табыс траекториясын» ұстанушылар секілді емес бірге өмір сүрудің, азамат болудың мәніне қатысты нақты түсініктен де жұрдай.

Нағыз трагедия біздің неолибералдық сынақтың объектісіне айналғанымызда емес. Біз оны түсіну, осыған қатысты сыни ойлау қабілетін жоғалттық. Ол біздің күнделікті өмірімізге, тіршіліктегі көрінісімізге айналды. Біз әлгі бір әзілде айтылатын «ешқашан басқа ортада өмір сүріп көрмегендіктен «су» дегеннің не екенін де білмейтін» балықтар секілдіміз.

1990–2000 жылдары халықаралық қаржы институттарының және батыстық мемлекеттік басқару мектептерінің ықпалымен қалыптасқан қазақстандық технократия қазіргі күні балама жолдардың болуы мүмкін екенін тіпті елестетуге де қауқарсыз. Олардың ойынша неолибералдық капитализм — модель емес, табиғи шындық. Демек, ештеңені өзгертуге ниет те, қажеттілік те жоқ деп ойлайды. Қолынан ең көп келетіні — «институттарды жақсарту» және «тиімділікті арттыру». Алайда, нағыз тұзақ осы тұста құрылған: ойлау парадигмасы өзгермей, даму парадигмасы да өзгермейді. Біз интерфейсті қайта-қайта жаңартып, кодқа қол ұшын да тигізген емеспіз. Өзгенің формуласын қайталап, стратегиясын бейімдеп, ғажайып күтумен келеміз. Ақырында тірелетін нәтижеміз сол баяғы: теңсіздіктің артуы, жатсыну, әлеуметтік апатия.

Мұндай тұзақтан шығу үшін ең алдымен сұрақтарды қайта қоя білу керек. Бұрын мызғымастай болып көрінген нәрсеге де сынай, күмәнмен қарау ләзім. Капиталистік болмыстың онтологиясын дара жол ретінде қабылдауды да сынау қажет.  «Еркін нарық» дегеннің ешқандай да еркіндікті білдірмейтініне көз жеткізу керек.  «Инвестиция» дегеннің әрдайым даму емес екенін көре білу қажет. «Өсу» деген де әрдайым игілік емес. Слава Жижек өте орынды айтқан еді: «бүгінгі нағыз ой еркіндігі — бұл либералдық-демократиялық, постидеологиялық консенсустың өзіне күмәнмен қарау құқығы. Олай болмаса — ол түк те еркіндік емес»…

Жаңа үміт пен мысал: Зохран Мамдани және Қазақстан үшін сабақ

АҚШ Демократиялық партиясының өкілі, өзін демократия-социалист деп жариялаған Зохран Мамданидың Нью-Йорк мэрі лауазымы үшін болған сайлаудағы жеңісі кәдімгідей дабыл. Бұл тек саяси оқиға емес, бұл біздің Қазақстанда әзірше армандап жүрген парадигмалардың ауысуына көрініс беретін үлкен дабыл. Деректі фильмдер мен жаңалықтар арнасында Мамдани кампаниясы «ақша машинасы» мен саяси истеблишмент ережелері үстемдік құрған жүйеге қарсы күресті көрсетті. Оның месседжі де қарапайым әрі түсінікті болды,  сылдыр экономикалық формулаға жоламады: «біз — азшылықтың ғана дауысы емеспіз, біз жұмысшылардың, иммигранттардың, жүйе шетке итергендердің дауысымыз» деп ұрандатты. Ол тегін қоғамдық көлікті уәде етіп, жалдау ақысының өсуін, қалалық азық-түлік дүкендерін бақылауды қолға алатынын, миллиардерлерді институт ретінде қарауды сынға алу сияқты идеяларды ұсынады. Ал бұндай үдеріс қайда болып жатыр? Капиталистік әлем орталығында, капиталистік әлемнің жүрегінде!

Қазақстан үшін бұл маңызды тәжірибе. Өйткені, мұндай оқиғалар неолибералдық тәртіпке балама теорияда ғана емес, бұқаралық билік элиталар мүддесінен көпшілік мүддесіне ауысқан шақтағы практикалық саясатта да тууы мүмкін  екенін көрсетеді. Ал бізде әлі үстемдік ететін баяғы сол модель: нарық, жекешелендіру, «әркім өзі үшін». Тіпті наразылықтар туындағанда да ондай қарсылықтар ойлауды өзгертуге ұласпайды. Мамдани феноменіне қайта оралсақ, ол бізге қандай белгі береді: саясатты ғана емес — ойлауды өзгертетін уақыт келді. Мұндай белгі «салықты азайтуды» емес, байлық пен табыстың аз ғана топтың қолында шоғырланатын жүйеге күмәнмен қарауды ұсынады. Осылайша, бұл белгі біз қашқақтап айналып өте беретін сұрақты алдыға көлденең тартады: қайта бөлу және билік — екінші кезектегі емес мәселе емес, негізгі мәселе. Қазақстан тұрғысынан алып қарағанда ондай дабыл біздің сыртқы модельді күтпеуіміз керек екенін еске салады. Мұндай жағдайда міндеттерді де қайта тұжырымдай аламыз: өзгенің дайын рецептін импорттағанша, өзіміздің мәселемізді шешуді қолға алу. Әйтпесе біз дәл бұрынғыша сол  баяғы «реформа» мен «инвестиция» деген ұрансөзді қайталап, тек біреудің жетегінде, соңынан ілесуші рөлінде қалып қоямыз. Оның орнына «кімге?», «не үшін қажет?» деген сауалдар қоятын кез жетті.

Егер Қазақстанда расымен де неолибералдық капитализмге балама іздеу басталса, онда бұл Мамдани кампаниясына ұқсас болатын еді. Яғни, бәрі төменнен, әділеттілік туралы  сұраулардан, элиталық құрылымдарды қайта құрылымдаудан, өсім сандарына емес адамдарға басымдық беруден басталатын еді. Сонда ғана «жаңаша ойлау» — ұран емес, нағыз платформаға айналады.

You may also like

Ұлы Дала Үні

СЫН-ҚАТЕРЛЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР ТОҒЫСЫ: ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРДІ АСЫРАУШЫҒА АЙНАЛА АЛА МА?

Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі бұрындары тек өндіріс көлеміне байланысты болса, бүгінде ол климат, технология және геосаясат арасындағы күрделі теңгерімге тәуелді мәселеге
Ұлы Дала Үні

Жауапты бизнес пен инвестиция – Орталық Азияның болашаққа көзқарасы. Балтабек Мұқашев

Балтабек Мұқашев, кәсіпкер Орталық Азия тарихи таңдаудың табалдырығында тұр. Соңғы отыз жыл бойы біз кез-келген инвестицияны тартумен, әйтеуір капитал құйса