Балтабек Мұқашев, кәсіпкер

Орталық Азия тарихи таңдаудың табалдырығында тұр. Соңғы отыз жыл бойы біз кез-келген инвестицияны тартумен, әйтеуір капитал құйса болғаны деген түсінікпен өмір сүрдік. Шарттары бұлыңғыр, қоғамға пайдасы жоқтың қасы болса да ештеңеге қарамадық, өнімді бөлу келісімдері, концессиялар, кредиттер — бәрі жарай беретін. Таңдап, іріктеп жатуға уақыт та қаражат та болмады. Бізге қайткенде де, қандай шарттар болса да инвестор табу керек болды. Ақыры, нәтижесі қандай болды? Миллиардтаған пайда шетелге кетіп, инфрақұрылым толық дамымаған күйде қалды, жұмыс орындары — өнімсіз, әлеуметтік әсер — күмәнді әрі қоғам тарапынан орынды сұрақтар тудыратын деңгейде қалып отыр.
Классикалық мысал – Қазақстанның мұнайгаз саласындағы ірі жобалары – Теңіз, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (ҚПО), Қашаған. Бұл жобалардың эскпорты экономика тұрақтылығын қамтамасыз етті, алайда өндіріс өнімін бөлу туралы келісімдердің шарттары әлі құпия күйінде. Мемлекет те, халық (қоғам) та осы жобалар бойынша елімізде қалатын табыс үлесінің нақты қалай бөлінетінін білмейді, ал технологиялық трансфер мен жергілікті экономиканы дамыту үлесі тым шектеулі. Қырғызстанның Құмтөр кен орнындағы жағдай бұған айқын мысал бола алады: құпиялық пен келісімдердің ашық болмауы жобаларды мемлекет меншігіне қайтаруға әкеп соқтырды, ал инвестор мен мемлекет арасындағы конфликт сенім мен жауапкершілік болмаған жағдайда ұзақмерзімді серіктестік әлсіз болатынын көрсетті.
Әлем шапшаң өзгерістерге бейім, біз де жаһандық трансформациялардың куәсі болып отырмыз. Ресей шетелдік инвесторлар үшін өз нарығын жауып, өңірлік жобалар мен қаржы ағыны үшін мүмкіндіктерді шектеп тастады. Қытайдың, араб және басқа да азия елдерінің Орталық Азия өңіріндегі ресурстарға қызығушылығы артып келеді. Әйткенімен, олардың ұстанымы да экономиканың оқшаулануына, технология тасымалына және адам капиталын дамытуға толықтай бағдарланбаған. Қазіргі күні Орталық Азияға инвестициялар әлі де болса жауапкершілік пен серіктестікке негізделген деп айта алмаймыз; олардың басым бөлігі орнықты дамуға емес, көбінесе шикізат ағыны мен қысқамерзімді табыстар төңірегінде қалып отыр.
Дегенмен, Орталық Азия бірегей басымдыққа ие. Өңір әлемнің ең соңғы дамушы аймақтарына жатады: халық саны шамамен 84 миллион адам, орташа жас — 26–27 жас, халықтың үштен екісінен астамы 35 жасқа жетпегендерді құрайды. Білімді және мобильді халықтың шоғырлануы технологияға, жасыл энергетика, стартаптар мен креативті экономикаға «ақылды» инвестициялар тарту үшін мүмкіндіктер тудырады. Біздің өңір жоғары технологиялы әрі жауапты жобалар орталығына әбден айнала алады, алайда, бұл үшін инвесторлардың қаражатына құр қанағаттанып отыра бермей, олардан серіктестік талап ету керек.
Қазір Орталық Азия әлемдік экономикада маңызды рөл атқарып отыр. Біз — әлемде зор сұранысқа ие минералдар, уран мен азық-түліктің ірі жеткізушіміз. Орталық Азия болмаса әлемді шикізатпен, сирек кездесетін жер элементтерімен және стратегиялық ресурстармен қамтамасыз ететін тізбек те әлсірейтін еді. АҚШ пен ЕО өңірдің осынау маңызды рөліне қазірден баса назар аударып отыр — Орталық Азиямен серіктестік Ресей мен Қытайдың үстемдігін тежеп, орнықты әрі өзаратиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін жаһандық экономиканың орнықты дамуына кепіл бола алатын өңірге айналып, стратегиялық ресурстарды өндіруде жауапкершілігі бар аймақ ретінде әлемдік аренадағы лайықты орынға иелік ету мүмкіндігі.
Алайда, мұндай әлеуетті жүзеге асыру үшін инвестицияға қатысты жаңа көзқарас қажет. Біз капиталды кез келген шартпен, кез келген бағада қабылдай беру тәжірибесінен бас тартуымыз керек, ал серіктестеріміз біздің өңірге ұзақмерзімді әрі жауапкершілігі бар серіктес ретінде қарауы тиіс. Орталық Азияға құйылатын инвестициялар жұмыс орындары, технологиялық трансфер, орнықты инфрақұрылым және экологиялық жауапкершілік секілді ұзақмерзімді құндылықтарды қалыптастыруы керек. Мұндай шарттарсыз бұрынғысынша кез келген капиталды тарта беру бұған дейінгі «ескі қателіктің» қайталануына – жобаларды мемлекет меншігіне қайтаруға, халықтың наразылығына, әлеуметтік шиеленістердің өршуіне әкеп соғады.
Қазіргі кезең Орталық Азия мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірі бастау алған кез. Алайда, ескіден келе жатқан сауда шектеулері, мәселен, Джексон-Вэник түзетпесі секілді КСРО-дан мирасқа қалған кедергілер тікелей инвестиция мен технологиялардың дамуын тежеп отыр. Ондай кедергілерді жою біздің өңірдегі маңызды стратегиялық жобаларға америкалық компаниялардың қатысуына жағдай туғызып, ашық әрі жауапкершілігі бар келісімшарттар жасауға, инвестициялар сапасын арттыруға септігін тигізеді әрі Орталық Азияның жаһандық интеграцияның жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндігін арттырады.
Басымыздан өткен тәжірибе бізді шетелдік капиталға сыни көзбен қарауға үйретті. Ендігі күні біз жетілген серіктестер ретінде әрекет етуге тиіспіз. Бұл дегеніміз — біздің өзіміз үшін ғана емес, серіктестеріміздің ұзақмерзімді пайдасын қамтамасыз ете отырып, ашықтықты, жергілікті қамту мен кадрлар даярлау бойынша міндеттемелерді талап ету. Бизнес жауапкершілігі – бұл тек сән үшін айтылған ұғым емес, орнықты даму үшін қажеттілік. Біз өзімізді жәй ғана шикізат жеткізуші ел ретінде қала бергенін көргіміз келмейді. Шарттарды өзіміз қоя отырып, біз инвестицияларды ұзақмерзімді өсімнің, экономиканы модернизациялаудың және әлемдік аренада өз ұстанымымызды нығайтудың құралына айналдыруға тиіспіз.
Уақыты келді. Орталық Азия халыққа, мемлекет пен жаһандық нарықтарға бірдей пайдасын тигізетін капиталды тарту арқылы шешімді әрі стратегиялық қадамдар жасауы керек. Ақылды инвестиция, технологиялар трансфері, ашық келісімдер мен ұзақмерзімді серіктестік — бұл біздің өңіріміздің шетқақпайлап қалмай, перифериге айналуына, әлемдік экономикаға әсер ете алатын ойыншы болуына апаратын жол. Әйтпесе, біз өткеннің қателіктеріне қайталап, XXI ғасырдағы ғасырдағы жауапты әрі орнықты даму мүмкіндігінен айырылып қалуымыз мүмкін.

