Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі бұрындары тек өндіріс көлеміне байланысты болса, бүгінде ол климат, технология және геосаясат арасындағы күрделі теңгерімге тәуелді мәселеге айналды. Аграрлық әлеуетін әлі толық жүзеге асырмаған Қазақстанның болашағы қандай болмақ? Қандай бағыттар мен мәселелерге баса наударғанымыз жөн? Нақты іспен айналысып жүрген сала мамандары не дейді? Біз сала мамандарының пікірін білдік.
Ұзақмерзімді стратегия уақыты: тұрақтылық өзгерістен маңызды
Серік Толықпаев, AITAS холдингінің негізін қалаушы, инвестор, кәсіпкер

Геосаясат әлемді фрагментарлы етіп, ол аймақтарға жіктелді, ал азық-түлік әсер ету құралына айналды. Мысалы, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысында соя бұршағын сатып алу не сатып алмау туралы бір ғана шешім тұтастай континенттердегі сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін өзгерте алады. Бұл — күрделі механизм, өйткені, жаңағы біз сөз еткен секілді ірі ойыншылар азық-түлік арналарын әп-сәтте өзгертіп, бір жерде өнімдерге профицит тудырса, енді бір жерде дефицит жасауға әбден қауқарлы.
Азық-түлік қауіпсіздігі климаттың өзгеруімен тығыз байланысты, ал технологиялар бүгінде әлем мен салалардың осы өзгерістерге бейімделу формасына айналып отыр. Қазақстан климаты барған сайын құрғақшылыққа айналып, континентальды болып барады. Басты мәселе — су балансы: оның ішінде ішуге жарамды ауызсу да, ауылшаруашылығына қажетті суармалы су да тапшылыққа айналып келеді. Біздің еліміздегі ірі өзендердің басым көпшілігі трансшекаралық. Сондықтан да бұл жүйеде Қазақстан сыртқы факторлардың ықпалында қалып отырғаны анық және өзендер бастау алатын көршілес елдердің шешімдеріне мейлінше тәуелді. Осылайша, көршілес елдер азық-түлік қауіпсіздігіне белгілі бір дәрежеде әсер ете алатындықтан мұны да геосаясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруға мәжбүрміз.
Осы тұрғыдан алып қарағанда құрғақшылыққа қарсы технологияға басымдықтың маңызы зор. Өйткені, жергілікті жерде пайдаланатын технологиялар жоғары өнім алуға мүмкіндік беріп, көптеген дақыл түрлерінен құрғақшылыққа төзімді сорттарды өсіруге жол ашады. Қазақстан да соңғы жылдары климаттың өзгеруіне әжептәуір бейімделіп келеді. Алайда ең күрделі және инвестиция тұрғысынан көбірек капитал қажет ететін ауқымды мәселенің бірі — ылғал үнемдейтін технологияларға агрессивті түрде көшу қажеттілігін талап ететін егістік суларын басқару және суармалы егіншілікті дамыту болып отыр. Бұл ретте орталықтандырылған басқару, кредиттеу деңгейінде қолдау, ылғал сақтайтын технологияларды субсидиялау және осындай жабдықты өндіре алатын компаниялардың елге кіруі аса қажет.
Бұдан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін арттырудағы маңызды құрамдас бөліктердің бірі — тұқым қорын дамыту және генетикалық материалмен жұмыс істеуді меңгеру. Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығына тұрғысынан алсақ — бұл жоғары өнім беретін мал өсіру, генетикасы мықты (асыл тұқымды) аталық пен аналық табын қалыптастыру, генетикалық материал өндіру алаңдарын,тұқымдарды асылдандыру орындарын құру. Әлбетте, бұл бағытта Қазақстанда жұмыстар атқарылып жатыр.
Әлем үшін де, Қазақстан үшін де тұтастай алғанда көршілермен және халықаралық әріптестермен өзара қарым-қатынастардың тиімді формаларын табу, мүдделер тепе-теңдігін win-win қағидасы бойынша құру аса маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан халықаралық аренада өте жауапкершілікпен әрекет етіп келеді және барлық тараптар үшін ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді шешімдердің болғанын қалайды.
Соған қарамастан, біз әзірге даму сценарийлерінің ешқандай да мүмкіндіктерін толық көлемде жүзеге асыра алған жоқпыз. Қазақстанда егін шаруашылығында, әсіресе мал шаруашылығында да орасан зор әлеует бар. Тіпті ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін еселеп арттыруға болатын еді. Біз табиғат берген мүмкіндіктерді ата-баба аманаттаған кәсіппен ұштастыруға тиіспіз. Бұл бізге аспаннан түскен, кездейсоқ не болмаса ықтимал мүмкіндік емес, керісінше Қазақстанның бойына біткен табиғи артықшылығы деген ләзім. Өйткені, бізде жер де бар, тарих та, дәстүр мен құзыреттер де баршылық.
Аграрлық сектор — азық-түлік тәуелсіздігінің іргетасы, сондықтан да бұл салаға түбегейлі бетбұрыс қажет. Басымдықтарды жиі ауыстыра бермей, тұрақты, ұзақмерзімді әрі сатылы стратегия керек. Мысалы, бүгін — өңдеу саласын, ертең — мал шаруашылығын, одан кейінгі кезеңде — инфрақұрылымды дамытамыз деген секілді, агросала бірізділік пен сатылап дамытуды талап етеді.
Сонымен бірге, бүгінде бюджетте жүйелі тапшылық бар, агроиндустрия жылдар бойы белгіленген жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелерді, субсидияларды және басқа қолдау түрлерін толық ала алмай келеді. Бір жағынан Үкімет қиындықтарды өзі қалыптастырып, олардың бәрін агроиндустрияда жинақтап отыр. Өйткені, қазіргі күні мемлекет қабылдаған ережелер мен шешімдерге сүйеніп, тұрақты бизнес-моделін құруға бола ма? Атқарушы биліктің дұрыс түсінбей отырған тұсы осы. Ал мұндай түсінбеушілік — экономика қаңқасы, жұмыспен қамту көзі болып саналатын елдегі негізгі саланың дамуын тежейді. Біз ауылдағы адами капиталды жоғалтып жатырмыз, ал оның салдары урбанизация орталықтарында әлеуметтік қысым күшейтеді. Қазір Үкімет уәделерді орындау үшін жұмысын жөнге келтіріп, ауылда өмір сүруге және жұмыс істеуге жағдай жасап, анық әрі тұрақты ойын ережелерін қалыптастыруы тиіс. Әйтпесе біз қолда бар әлеуеттің өзін іске асырмай қаламыз. Мемлекет халықты асыруы керек, ал асыраушы құрал — жергілікті өндіріс болуы шарт. Егер біз мұны бүгін жасамасақ, ертеңгі күні азықты тек сырттан сатып алу сценарийіне амалсыз баратындай қауіп те жоқ емес.
Болашақ протеин кластерінде
Арман Евниев, YCG (Yevniy Consulting Group) басқарушы серіктесі

Біраз бұрын ғана азық-түлік қауіпсіздігі қарапайым көрсеткішпен өлшеніп жататын еді — жиналған астық көлеміне немесе өндірілген қант тоннажына қарай қауіпсіздікке баға берілетін. XXI ғасыр мұндай қисынды түбегейлі өзгертті. Бүгінде азық-түлік – жай ғана ішіп-жейтін тағам емес. Бұл – климат, технология, экология және геосаясат түйіскен нүкте. Осындай жаңа өзгерістердің әлемдік картасында Қазақстанның бұрынғыға қарағанда анағұрлым үлкен рөл атқара алатын мүмкіндігі туып отыр.
Көлемнен тұрақтылыққа көшу. Пандемия, климат қатерлері және Жер шарының әр жеріндегі отты нүктеге айналған әскери қақтығыстар азық-түліктің көлеміне қарағанда оның тұрақтылығы әлдеқайда маңызды екенін көрсетті. Әлемде азық-түлік жеткізу тізбектері сенімнен айырылса, импортқа тәуелділік қауқарсыздыққа айналып, қауіпті арттырды. Ауыл шаруашылығы үшін қолайлы 200 млн гектар жері мен бірегей табиғи топырақты-климаттық жағдайлары бар Қазақстан қант пен көкөністі импорттайтын елден гөрі азық-түлік тұрақтылығын экспорттайтын ойыншыға әбден айнала алады. Бұл үшін әлбетте ауылды дамытудың жаңа философиясы қажет.
Жаңа парадигма: «Ауыл 4.0». Бұл философияның өзегінде –адами капитал мен технологиялық өсім кеңістігі ретінде ауылды жаңғырту идеясы жатыр. 2018 жылы мен «Ауыл 4.0» тұжырымдамасын ұсынған едім. Онда ауылдағы өмір сапасын әлеуметтік сала, инженерлік инфрақұрылым, жұмыспен қамту және экологияны қоса алғанда 6 негізгі бағыт бойынша стандарттау қарастырылды.
2035 жылға қарай ауыл тұрғындарының 80%-дан астамы жаңа өсім нүктелеріне айналатын жаңартылған, энергиетикада тиімді әрі цифрлық жағынан ілгерілеген ауылдарда өмір сүре алады. Мұндай ауылдарда азық-түлік өндірісі заманауи білім беру, медицина және ұсынылатын сапалы қызметтермен қанаттаса қатар дамиды. Тіпті еліміздегі 6,5 мың ауылдың кемінде 1 мыңын осы бағытта жаңғырту еңбек нарығында қуатты серпін тудырады: бағдарлама қолға алынған күннің өзінде-ақ құрылыс пен оған байланысты салаларда кемінде 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Ауылды дамыту – жаңа индустриялық революция. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, экономика үшін де мультипликатор. Әрбір жаңғыртылған ауыл құрылыс, машина жасау, көлік, энергетика және білім беру секілді салаларда тың сұраныс қалыптастырады. Бұл жай ғана ауыл шаруашылығы емес, кадрлар мен инновацияға тұрақты серпін тудыратын өнеркәсіптік экожүйе.
Әйтсе де мұндағы басты қатер – кәсіби кадр тапшылығы. Жастар ауылды тастап көшіп жатыр, ал бәсекеге қабілетті заманауи агробизнеске инженерлер, технологтар, цифрлық шешім ұсынатын маманда аса қажет. Мұндай проблемаға жауап – ауылды Интернеті сапалы, тұрғын үйлері бар, дамуға мүмкіндік беретін ресурстары жеткілікті тартымды ортаға айналдыру.
Жаңа азық-түлік формуласының 6 негізі кілті. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінде өзінің лайықты орнын алу үшін 6 негізгі міндетті шешуі тиіс:
Адамдар. Білікті кадр – ең маңызды әрі басты ресурс. Ауылда өмір сүруге, жұмыс істеуге және білім алуға қолайлы жағдай қажет.
Құзыреттілік. Агроғылым драйверге айналуы тиіс. «Ғылым мен инновация + өндіріс + терең өңдеу» кластерлері бюрократияны ығыстырып, ғалымдарды жерге, ауыл шаруашылығына қатысты нақты өндіріспен байланыстырады.
Жер. Жерді экономикалық айналымға қайтаратын уақыт жетті. Жермен айналысатын әрбір адамға мұраға қалдырылатын жер учаскелерін өмірлік пайдалануға құқық беру қажет. Бұл қарапайым реформа емес, жермен айналысып, оған маңдай тері сіңген адамның еңбегіне қатысты құрметті қайтару деген сөз.
Су. Суармалы егіншілік – Қазақстанның жаңа «мұнайы». Суармалы жер көлемін 1,5 млн гектардан 3,2 млн гектарға (КСРО кезеңіндегі деңгейге) жеткізу АӨК-дегі Жалпы Ішкі Өнім үлесін үш еселеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, экономикалық серпілістің көзіне айнала алады.
Қаржы. Азық-түлік саласына «ақылды» қаржылық қолдау қажет: цифрлы субсидиялар мен «электронды агровалюта» қаржы айналымының мөлдірлігін қамтып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Кооперация. Кластерлер фермер, өңдеуші, ғылым және инвестор арасындағы сенім платформасына айналады. Олардың ішінде ең негізгі орынды ет, сүт, балық шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын біріктіретін ұлттық протеин кластері иеленуі тиіс.
Қазақстан екі таңдаудың алдында тұр: шикізат жеткізуші болып қала ма, әлде жаңа азық-түлік дәуірінің технологиялық орталығына айнала ма? Климаттық күйзелістер мен геосаяси тәуекелдердің салдарынан әлемдік азық-түлік картасы қайта сапырыстырылып жатқан қазіргі заманда адамзатты кімнің асырайтынын ақылды агрожүйелер анықтайды. Бұрын біздің күшіміз жерімізде болса, болашақта күш – жерді технологиямен және мағыналы саясатпен ұштастыра алатын адамдардың қолында болмақ.
Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы ерекше басымдығы дәл осы протеин кластері болуы керек. Осы арқылы әлемді тұрақты әрі сапалы ақуызбен қамтамасыз ете алатын Қазақстанның жаңа нышаны (символы) қалыптасса игі.
Өндіріс қана емес, азықтың қолжетімді болуы да маңызды
Эльвира Бердаулетова, Қазақстандағы БҰҰ ФАО (Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы) маманы

ФАО (Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы)ретінде біз азық-түлік қауіпсіздігітуралы түсініктің күрт өзгергенін байқап отырмыз: егер ондаған жылдар бұрын бұл негізінен өндіріс көлемімен ғана өлшенсе, бүгінде бұл – климат тәуекелдері, су ресурстарына қолжетімділік, цифрлы технологиялар, нарықтар мен геосаясат тоғысқан күрделі жүйе. Жаһандық есептер аштықты жою бойынша прогрестің баяулағанын, ал климат пен қақтығыстардың әсері азық-түлік мәселелерін барған сайын әлсіз ететінін көрсетеді.
Қазақстан ерекше жағдайда тұр. Табиғи ресурстары мол, жер кеңістігі үлкен, ел аумағының едәуір бөлігі ауыл шаруашылығы әлеуеті үшін жарамды, алайда нақты пайдаланылатын жер көлемі мен суармалы жерді жарату деңгейі әлі де толық мүмкіндігінен алшақтап жатыр. Әлбетте, бұның қатері де, артықшылығы да бар: дұрыс саясат ұстану арқылы бір мезетте өндірісті арттыруға, тұрақтылықты күшейтуге және өңірлік экспорттық әлеует қалыптастыруға болады.
Негізгі ресурс — су. Орталық Азия мен Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану және ирригацияны жаңғырту — өнімділікті арттырудың шешуші факторы. Ирригацияны жаңғырту жөніндегі зерттеулер мен жобалар су үнемдеу технологияларына көшу және инфрақұрылымды қалпына келтіру арқылы айтарлықтай өсімге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Ирригацияға және су ресурстарын басқаруға салынатын инвестициялар климаттың өзгеруіне бейімдеумен қатар жүруі тиіс.
Технологиялар мен цифрландыру — трансформацияның екінші тірегі. Цифрлық сервистер (ауа райы болжамдары, топырақты спутниктен бақылау, дәлме-дәл егіншілік, электронды платформалар арқылы нарыққа қолжетімділік) фермерлердің қатерге төзімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Қазақстан үшін бұл жердің зор әлеуеті мен ауыл шаруашылық кәсіпорындарының аз шоғырлануы арасындағы алшақтықты жоюы мүмкін: кооперациялар, келісімшартқа негізделген ауыл шаруашылығы және агротехнологиялық стартаптар арқылы өнімнің қосылған құнын тез арттырып, ішкі нарықты қамтамасыз етуді жақсартуға болады.
Әлеуметтік және институционалдық құрамдастардың да маңызы зор. ФАО талдауы көрсеткендей, азық-түлік қауіпсіздігі — бұл тек өндіріс емес, сонымен қатар бұл халыққа азықтың қолжетімділігі және табыс тұрақтылығы. Өңірлер арасындағы ішкі теңсіздік, бағаның құбылуы және әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі халықтың белгілі бір топтарының әлсіздігін арттырады. Сонымен бірге халықтың бір бөлігіндегі азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі маңызды мәселе болып қалып отыр: үй шаруашылығы тобындағылардың барлығы бірдей рационалды өнімдер жиынтығын сатып ала алмайды. Мұны шешу үшін шағын және орта фермерлерді қолдау, қаржыландыруға қолжетімділік, өнімді сақтандыру және мақсатты әлеуметтік көмек бағдарламалары секілді кешенді қадамдар талап етеді.
Қазақстан қазірдің өзінде не істей алады және не істеуі керек?
- Суару жүйелерін жедел жаңғырту және суармалы жерлерді агроэкологиялық кепілдіктермен бірге кеңейту. Инфрақұрылым және су ресурстарын басқару — ең негізгі басымдық. Прецизионды ирригацияны дамыту (IoT-тапшылатып суару, топырақ ылғалын автоматты өлшейтін құрылғылар), су тапшылығын спутник арқылы бағалауды пайдалану, нақты уақыт режимінде су балансын бақылау жүйелерін енгізу қажет. Бұл су тұтынуды 30–40%-ға қысқартуға және егін өнімін арттыруға мүмкіндік береді.
- Климат өзгерістерінің (құрғақшылық, ыстық ауа толқындары, жауын-шашын құрылымының өзгеруі) 2050 жылға дейінгі сценарийлерін болжау үшін және алдағы уақыттарға дақылдарды бейімдеу, егіс аймақтарын ауыстыру, климатқа төзімді бидай, мал азығы мен көкөніс дақылдарының сорттарын әзірлеу үшін жасанды интеллект модельдерін пайдалану,. Өнімділігі төмен аймақтарға ерекше басымдық бере отырып, суды өте аз қолданатын және климатқа тәуелсіз тез өнім беретін көкөністер, көксөк өсіруге арналған горизонталды және вертикалды жылыжайлар, модульдік жүйелер. Сонымен қатар химиялық қоспаларды арттырмай өнімнің тұрақтылығын сақтау үшін құрғақшылыққа төзімді сорттар, микробиологиялық тыңайтқыштар, биостимуляторлар, органоминералды препараттар және зиянкестерге қарсы биобақылау енгізу қажет.
- Фермерлер үшін спутниктік мониторингке, құрғақшылық болжамдарына, тыңайтқыш бойынша ұсыныстарға, дәлме-дәл егіншілік алгоритмдеріне және қауіп-қатер туралы ертерек автоматтандырылған ескерту жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай ұлттық цифрлық платформа құру. Бұл фермерлерге деректерді негізге ала отырып шешім қабылдауға, шығыстарын оңтайландырып, шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
AgriHub, Smart Coop сияқты агрохабтар құру — шағын және орта фермерлерге жабдықты, қайта өңдеу қуаттарын, қоймаларды және цифрлық құралдарды бірге қолдануға, сондай-ақ арзан қаржыландыру тетігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл өнімділікті жылдам арттырып, экспорттық тізбекке жол ашады.
- Қосылған құнға назар аудару: қайта өңдеу, логистика және өңірлік нарықтарға шығу табыс тұрақтылығын арттырып, әлемдік баға құбылыстарына тәуелділікті азайтады.
- Әлсіз топтардың әлеуметтік қорғалуын күшейту және теңгерімді тамақтану бағдарламаларын дамыту. Азық-түлік қауіпсіздігі денсаулыққа пайдалы диетаға қолжетімділік арқылы да өлшенеді.
ФАО бұндай қадамдарды жүзеге асыру үшін Қазақстанға техникалық көмек, озық тәжірибелермен алмасу және халықаралық қаржы институттары мен жеке сектор серіктестігін қолдау арқылы жәрдемдесуге дайын. Біздің ортақ жетістігіміз тек қамбадағы астық тоннасы арқылы ғана емес, сонымен қатар азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығы, азық-түлік тағамына қолжетімділік және елдің жаңа климаттық, геосаяси жағдайларға бейімделу қабілеті арқылы бағаланатын болады.

