Дархан МЫҢБАЙ, экс-мәдениет және ақпарат министрі
Өркениетті елдердің бәріне тән нәрсе – мәдениет саласының сабақтастығы Қазақстан үшін де көкейкесті болып қала береді. Өйткені, кез келген ұлттың қоғамдық өмірі әлеуметтік-мәдени құндылықтарға – дәстүрге, халықтық тұрмыс-салтқа сүйенеді. Оны ешкім де жоққа шығара алмас.
Өзге елдің құрамында болған кездің өзінде қазақ еліне төл мәдениеті рухани демеу болып, күш-қайрат, жігер бергені мәлім. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мәдениеттің қайнар көздері еліміздің әлеуметтік, рухани жағынан қайта өрлеуіне негіз болғанын табиғи заңдылық деп санаймыз. Көп ғасырлық тарихи тәжірибе, елдің өзіндік болмысы, мыңжылдық дәстүр халықты ешқашан адастырмайды, керісінше, құбылған әлем кеңістігінде болып жатқан түрлі өзгерістерді ескеріп, елдің жаңаша дамуына жол ашады. Әрине, ұлттық мәдениет нышандары сол қауымның сан қатпарлы тұрмыс тіршілігінен, өнер-білімінен, адамгершілік қасиетінен көрініп тұрады.

Айталық, әдебиетте, мәдениет пен өнерде шығармашылық және өз ойын білдіру еркіндігін қамтамасыз ету мәдени мұраны сақтауды ғана емес, оны дамытуды ынталандырады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл үрдіс қазіргі қазақстандықтарды адамзаттық құндылықтарды құрметтеуге, халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды толығынан қайта қалпына келтіруге, гуманитарлық ғылымды, өнерді, өзге ұлыстардың болмыс-бітімін, моральдық ұстанымдарын, барлық ұлттық мәдениеттердің құндылығы мен дербестігін сақтауға жұмылдырады.
Сондықтан еліміздегі мәдениеттің әралуандығы ұлттық санада көркем өнердің байлығын насихаттап, шығармашылық ізденістердің нұсқаларын айқындай түседі. Дегенмен унитарлы мемлекет құрушы ұлттың байырғы жерінде тамырын тереңге жіберіп, қанатын кеңге жайған бірқатар мәдени жетістіктер жөнінде айтудың реті, жөні бар деп санаймыз. Өйткені, қазақ халқының дүниенің басқа жерінде қайталанбайтын бірегей мәдениетін ұлттың жетістігі, бағындырған белесі мен шыққан шыңы деп айтуға да толық негіз бар. Мұны ұлттың өзін-өзі тануына мүмкіндік беретін механизм ретінде де қарастырған жөн. Өйткені, фольклордан бастау алатын ауыз әдебиетін, одан нәр алатын көркем өнер мәдениеті түрлері дәл бұрынғы замандардағыдай қазір де ұлттық идеяға, елдік руханиятқа басымдық берер еді.
Қазақ халқының дүниетанымы мен жалпыадамзаттық құндылыққа көзқарасы ауыз әдебиеті үлгілерінде – эпостық жырларда, батырлық дастандарда сақталғаны белгілі. Сонымен бірге, халықтық-аспаптық, ән-күй, би және сәндік-қолданбалы мәдениеттің кең тарағанын дәлелдеп жатудың өзі артық.
Өз мәнерін, формасын сақтаған классикалық күй, айтыс өнері мыңдаған жылдарды қазіргі ұлттық модернизациялық және өркениетті үрдісте жалғастырып келеді. Қоғамдық маңызы, тарихи мәні және түр-сипаты жағынан олар мәдениетіміздің рухын, әлеуетін арттыруға бар күшін салуда.
Әр жылдарда түрлі қыспаққа түскен дәстүрлі мәдениет біршама өзгеріске ұшыраса да ұлт жадында сақталды. Мұндай өнер түрлері қайта тереңдеп, әмбебаптанып халық санасының да, сахнасының да төрінен орын алды. Өйткені, күй өнері, айтыс – қазақпен мәңгі бірге жасасып келе жатқан жанрлар. Олар жеке адамның шығармашылық туындысы болғанымен, белгілі бір аумақта, мәдени құндылықтар мен нормалар жүйесінде болып жатқан құбылыстарды жинақтап, сараптайды. Халықтың жадын жаңғыртып, қоғам талқысына салады. Басқаша айтқанда, қоғамдық әрі тарихи сипатқа ие өнер арқылы елдің мұңы мұңдалады, зары жырға қосылады. Әлеуметтің көкейіндегісін бұрмаламай жұртқа жеткізеді, айна-қатесіз жария етеді. Өмір тауқыметін, сынағын бағамдайды, өткенді айта отырып болашақты болжайды. Қараша халықтың мүддесін қорғау арқылы тарихи сана қалыптастырады. Билік басындағылардың бет-жүзіне қарамай сын айтып, қоғамға ұсыныс енгізе алатын қазақ өнерінің нағыз демократиялық түрлері десе болады. Оның өміршеңдігін өмірдің өзі растап отыр. Мысалы, аңызға айналған Қорқыттың күйлерін, өткен замандардың куәлері Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Дина мен Дәулеткерейдің, кешегі Нұрғиса мен Әбдімомынның, қазіргі Жанғали мен Секеннің симфониялық музыкалық шедеврлер санатындағы күйлерін – халықтың қайталанбас музыкалық мұрасы деп бағалаймыз.

Ал айтыс жанры – поэтикалық импровизацияның ең жоғарғы дәрежесі. Қазақтың төл өнері, арда өнері жақында ЮНЕСКО тізіміне енді. Елімізде 2012 жылдан бері республикалық «Алтын домбыра» айтысы өткізіліп келеді. Оның ережесі бойынша үш рет қатарынан жеңімпаз атанған ақын ғана бұл жүлдені өзіне меншіктей алады. Басқа уақытта ол Ұлттық музейге сақтауға қойылады.
Мұндай додаға түсу үшін жай ақын болу аздық етеді. Шешендік, тапқырлық терең білімнен шықса, байсалдылық пен батылдық, қайсарлық пен шабыт шақыру мінезден болса керек.
Ал ақынның қаруы – еркіндік рухы мен жеңіске құштарлығы, тәуекелге ғана тәуелді сезімі. Міне, осы тұста қазақ халқы мәдениетінің де демократияға бейім екендігі анық көрінеді.
Әлемдік кеңістікте қанша ұлт болса, сонша мәдениет болуы шартты дүние. Олар біртұтас адамзаттық мұраны құрайды. Ал қазіргі заманда жаһандану үрдісінен гөрі оның төңірегінде түрлі стереотиптер тезірек қалыптасып жатқандай. Солардың бірі – әлемдік мәдениет этнос мәдениеттерін жұтып қоюы ықтимал деген үрей туғызып отыр. Біздіңше, бұл бірегей ұлттық мәдениеттің үздіксіз кемелденуін адамзаттың дамуына, өркениеттің өсіп-жетілуіне қарсы қоюмен тең. Қайта қалыптасып, нығайған сайын ұлттық мәдениеттің ашықтығы артып, жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесін байыта түсері сөзсіз. Осыған байланысты академик Д. Лихачев: «Егер сіз анаңызды жақсы көрсеңіз, өз ата-анасын жақсы көретін өзгелерді де түсінесіз және бұл сезімді сезіп қана қоймайсыз, ұнататын да боласыз. Егер өз халқыңызды жақсы көрсеңіз, өз табиғатын, өз өнерін, өзінің өткенін жақсы көретін өзге халықтарды да түсінетін боласыз» деп жазған еді. Аты әлемге әйгілі ғалым, мәдениеттанушы еш қателеспеген сияқты.

