Turning Points: жаһандық күн тәртібі 2026

Кремний алқабы қасиетті мән іздегенде. Алаа Мурабит

BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — Alaa Murabit. (Abbey Drucker) — ONLY FOR USE WITH ARTICLE SLUGGED — BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — OTHER USE PROHIBITED.

Алаа Мурабит

Turning Points: Global Agenda 2026

Бетбұрысты сәт: Мамыр айында Роберт Фрэнсис Превост кардинал Рим католик шіркеуінің 267-папасы болып сайланып, Лео XIV деген есімді таңдады.

Бүгінгі құбылмалы әрі кейде үрей тудыратын әлемде адамдар көбіне сенім қауымдастықтарынан мән іздей бастады.

BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — Pope Leo XIV praying in front of the fresco of Our Lady of Good Counsel in Genazzano, Rome. Leo has said he intends to raise awareness about the ethical implications of technology. (Francesco Sforza/Vatican Media) — ONLY FOR USE WITH ARTICLE SLUGGED — BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — OTHER USE PROHIBITED.

Римде, әсем фрескалар астында, Google, Meta, OpenAI және Anthropic компанияларының басшылары бұл жолы реттеуші органдармен емес, діни қызметкерлермен қатар отырды. Олар Ватиканда өткен жасанды интеллект жөніндегі конференцияға келген еді. Көпшілікке бұл жай ғана көзбояушылық сияқты көрінді. Бірақ қауіпсіздік, денсаулық сақтау және даму салаларында 15 жыл жұмыс істеген мен басқаша жайтты байқадым: болашағымызды құрып жатқан жандардың өзі мән-мағына тапқысы келеді.

Covid-19 пандемиясы кезінде, қоғамдық денсаулық сақтау жүйелері күйреген шақта, бізді құтқарған алгоритмдер емес еді. Мичиганда мешіт тұрақтары жаппай вакцинация жасайтын орталыққа айналды. Алабаманың ауылдық жеріндегі бір баптист шіркеуі: «Тегін тестілеу. Баршаға есік ашық» деген жазу ілді. Нигериядан бастап Оңтүстік Дакотаға дейінгі діни көшбасшылар үкіметтің үгіті өтпеген (не қасақана бұрмаланған) жерлерде халықтың екпеге күмәнін сейілтуге көмектесті. Бұл әрекеттер тек уақытша шешім емес еді; олар адамзаттың дағдарыс пен белгісіздік жағдайында жол табу тәсілдері әлдеқайда тереңде жататынын көрсетеді.

BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — Volunteers distributing food outside St. Monica’s Catholic Church in Miami Gardens, Fla. Faith communities offered many kinds of support to those in need during the Covid-19 pandemic. (Saul Martinez/The New York Times) — ONLY FOR USE WITH ARTICLE SLUGGED — BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — OTHER USE PROHIBITED.

Батыста діни ұйымдарға ресми түрде қатысатындардың азаюы тек сенімнің әлсіреуінен болған жоқ. Ол адамдарды ұстап тұрған рухани тіректердің де құлдырауымен де байланысты. Бұрын сенім адамға өмірлік мақсат, рәсімдер мен әртүрлі топтарды біріктіретін қауымдастықтар беретін. Осындай ортақ сүйеніштер болмаған кезде, адамдар белгісіздікті өз бетімен еңсеруге мәжбүр болып қалады.

Мен үшін сенім жай ғана наным емес, ол – мүмкіндік. Сенім адамдардың «өндіргіштіктен де артық құндылығы бар» екеніне иландырады. Қазір көпшіліктің іздеп жүргені де дәл осы құндылық пен еркіндік сезімі. Бұрын бос тұрған шіркеу орындықтарының қайта тола бастау себебін де осыдан деп білемін.

Мен мұсылман отбасында тудым. Ата-анам – иммигранттар, ал мен Канада даласында, мұсылмандар халықтың небары 0,12 пайызын құрайтын жерде өстім. Әкем дәрігер еді, сондықтан бала күнім аурухана дәліздерінде өтті. Сеніммен қарым-қатынасым да сол жерден басталды. (Меніңше, ауруханаларда мешіт, шіркеу мен синагогадан да көп дұға айтылады.)

2011 жылы мен Ливия төңкерісі кезінде Voice of Libyan Women ұйымын құрдым. Әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігін ілгерілету үшін ислам мәтіндеріне сүйендім. Әрине, дін әрқашан жақсылықтың күші бола бермейді. Оны адамдарды – әсіресе әйелдерді және қоғамдағы осал топтарды – шеттету үшін қару ретінде пайдаланған кездер көп. Бірақ дүрбелең кезеңінде адамдарға тек теориямен әсер ете алмайсың. Оларға өздері тұрған жерден барып үн қату керек. Ал миллиардтаған адам үшін ол жер – сенім.

BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — Palestinian Muslims attending Eid al-Fitr prayer in Jabalia in the northern Gaza Strip. Faith can be a source of solace in times of violence and political uncertainty. (Mahmoud Issa/Reuters) — ONLY FOR USE WITH ARTICLE SLUGGED — BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — OTHER USE PROHIBITED.

Бұл құбылыс тек зорлық-зомбылық немесе саяси тұрақсыздық кезеңдеріне тән емес. Кенияда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, депрессияға шалдыққан науқастар имамдар мен пасторлар жүргізетін сенімге негізделген психологиялық бағдарламаларға қатысқанда жағдайы жақсарады. Колумбияда, Мароккода және Филиппинде сенімге сүйенген бастамалар дәстүрлі жүйелер қиналатын тұстарда бейбітшілік орнату мен медициналық көмекті кеңейтуге үлес қосады. Дін өкілдері тарихтағы ең ірі климаттық шерулердің бірін бастап, экологияны сақтауды қасиетті міндет ретінде түсіндіре бастады. АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі қаржыландыруды тоқтатқанда, Catholic Relief Services-тен бастап жергілікті мешіттер мен шіркеулерге дейінгі діни ұйымдар қызметін жалғастырып, адамдардың өмірін сақтап қалды.

Сенім – жай ғана теология емес; ол – тірек құрылым. Мұндағы инфрақұрылым дегеніміз тек денсаулық қызметін, тамақ пен балалар күтімін ұсынатын мешіт, шіркеу, ғибадатханалар сияқты ғимараттар ғана емес. Оны ұстап тұрған – сол орындарды жандандыратын сенім мен құндылықтарға негізделген сенім желісі. Мен мұны «қасиетті тірек» деп атаймын: басқа жүйелер істен шыққанда да қауымдастықтарды біріктіріп ұстап тұратын терең тамыр жайған мағына желісі.

Сеулде жиырмалар шамасындағы жастар әнұран арасындағы үзілісте шіркеудің жертөлесінде түйіндеме алмасады. Рио-де-Жанейро фавелаларында Пентекостал шіркеулері ыстық тамақ беріп, мемлекет қамтамасыз ете алмаған жерде қауіпсіздік уәде етеді. Газада отбасылар бомбадан қираған үйлердің ауласында жиналып, нан бөліспес бұрын бірге дұға етеді – рәсім күнделікті тіршілікке айналады. Кампалада әйелдер мешіт ауласында тиындарын қосып, оқулық пен тігін машиналарын сатып алады. АҚШ-та да гоуспел музыкасы сайлаушыларды жұмылдырудан бастап, нәресте тойларына, жалдау ақысын жинауға дейінгі талай істің өзегінде тұр. Қара нәсілді көптеген қауымдастықтар үшін шіркеулер алғашқы әлеуметтік қорған жүйесі болған. Сенім тек илануда ғана емес; ол  қауымға баруда, бөлісуде, ортақ рәсімдерде жанданады. 

Кез келген мұғалімнен, менеджерден немесе досыңнан сұрасаң да, бәрінің айтатыны бір: зейін қою қиындап барады. Психологтер алаңдаушылық артуы мен жауапкершіліктің төмендеуін біздің дәуірдің негізгі белгілері дейді (барлық буында, бірақ әсіресе миллениалдарда). Біз шынайы өмірде бір-бірімізге адал болу қабілетін жоғалтып жатқан сияқтымыз. Сенім қауымдастықтары осы құлдырауға қарсы тұрып, бірге болуды, жауапкершілікті, қауымдастықты және рәсімдерді қамқорлықтың түрі ретінде талап етеді.

Мен мұны айналамдағы көпдінді әйелдер ортасынан да байқаймын. Ондағы әйелдердің күш-қайраты, күлкісі мен бір-біріне деген айрықша қамқорлығы маған баланы саналы тәрбиелеуді, жауапкершілікпен жетекшілік етуді, қартайған ата-ананы абыроймен бағуды. – бәрін үйретті:

Бұл тірек құрылымы саясатқа да әсер етеді: саяси спектрдің әр тарапындағы көшбасшылар моральдық беделін нығайту үшін сенімге жүгінеді. Техастан сайланған республикашыл сенатор Тед Круз сыртқы саясаттағы ұстанымдарын Библия қалыптастырғанын айтады. Нью-Йорктен сайланған демократ Александрия Окасио-Кортес денсаулық сақтау мен климаттық әділет үшін күрескенде католиктік құндылықтарға сүйенеді. Ол: «Адамдардың бәрі қасиетті» деп жиі айтады. Институттарға сенім әлсіреген заманда сенім  – заңдылық пен беделдің қуатты көзі.

Бұны мен бұрынғы президент Джимми Картердің бойынан көрдім. Онымен бейбітшілікті нығайту мен жаһандық денсаулық саласындағы әйел көшбасшылығы бойынша бірге жұмыс істедім. Оны алғаш рет 25 жасымда кездестірдім және саясат әлемінде сенім адамы ретінде көріне алу қабілетімнің басым бөлігі үшін оған қарыздармын. Ол әйелдердің көшбасшылығын қасиетті міндет деп қарастыратын. Жексенбілік мектептен бейбіт келіссөздерге, Habitat for Humanity құрылыс алаңындағы жаралы алақандардан жаһандық денсаулық науқандарына дейін – ол барлық жағдайда осы сенімін жалғап отырды. Оның түсінігінде сенім жоспар еді: терең жеке, бірақ сондай-ақ терең саяси, тек нанымды ғана емес, ауқымды қамқорлық пен қадір-қасиет тірегін қалыптастыратын күш.

Edelman атты коммуникациялық компанияның сауалнамаларына сәйкес, үкімет пен БАҚ-қа деген сенім шамамен 50 пайыз деңгейінде тұрып қалды. Z буынының жартысынан көбі үшін сенімнің күйреуі соншалық терең, олар институттар өздерін қолдамай қалғанда, өзгеріс жасау үшін дезинформация мен зорлықты қолдануды қолайлы құрал деп санайды. Сауалнамалар мұны «сенімсіздік» дейді; мен оны қасірет деп атар едім: жоғалған сенім мен жойылған ықпалдан туған қасірет.  Бірақ ондаған жылдар бойғы құлдыраудан кейін АҚШ-та дінге қатыстылық тұрақтана бастады. Америкалықтардың 83 пайызы Құдайға немесе бір әмбебап рухқа сенеді, ал Z буынының 70 пайыздан астамы табиғи әлемнен тыс бір күштің бар екеніне сенеді. Жас ұрпақ сенімді қайта құра бастады – қауым мен мағына іздеп, түрлі дәстүрлерді араластырып, өзіндік «рухани мәзір» құрап жүр.

Мән табуға деген мұқтаждықты мойындау түрлі салаларға таралып келеді. Бизнес мектептері пайдамен қатар мақсатты да үйретеді.  Жасанды интеллект күшейткен жаңа соғыс дәуірімен бетпе-бет келген әскери жоспарлаушылар моральдық қағидаттарды қайта қарастыруда. Рухани қолдау енді шеткері құбылыс емес: 90-жылдары бар болғаны 3 пайыз болса, қазір америкалық медициналық мектептердің 90 пайызы оны оқытады. Науқастардың 70 пайыздан астамы ауыр дерт кезінде дәрігерлерінің рухани мәселелерді де қозғағанын қалайды.

Сенімнің маңызын қоғамның мойындай бастауы – осы жолы Папа Лео XIV-тің Кремний алқабына айтқан сөзінің басқаша әсер еткенінің бір себебі. «Жасанды интеллект тек материалдық әл-ауқатты ғана емес, рухани әл-ауқатты да ескеруге тиіс», – деді ол технокөшбасшыларға. ЖИ қарқын алып, жүйелер біздің этикалық қағидамызды басып озғанда, технология өз бақылауымыздан шығып бара жатқандай сезіледі. Мінсіз рационалдыққа ұмтыламыз деп, біз адамды адам ететін дүниеден басқаның бәрін өңдей алатын жүйелер жасап алуымыз мүмкін.

Технология қанаушы, ал саясат тұрақсыз болып көрінетін заманда сенім ерекше нәрсені ұсынады: ұзаққа шыдайтын, адам өлшеміне сай қамқорлық жүйесі. Бүгінгі ең ауыр қақтығыстар өркениеттер арасында да, сенім мен ақыл арасында да емес; олар – тиімділікті барынша арттыруға бағытталған жүйелер мен қадір-қасиетті қорғауға бағытталған құрылымдардың арасындағы тартыс. Болашақты асығыс құра отырып, біз баяғыдан белгілі шындықты қайта танып жатырмыз: адам болу үшін қауым, ықпал ету мүмкіндігі және мән қажет. Жүйелер механикалана түскен сайын, адамдар өзегімізді сақтап тұратын қасиетті тірекке қайтадан қол созуда. Қамқорлықтың бұл тірегі ешкімнен жеке куәлік те, логин де сұрамайды.

Римде Кремний алқабының басшылары фрескалар астынан қасиетті мән іздеді. Бірақ ол қасиет Рионың асүйлерінде, Сеулдің жертөлелерінде, Газаның аулаларында, Атлантаның шіркеу орындықтарында әуелден бар. Басты сұрақ «біздің болашағымызда сенімге орын бар ма?» емес, «біз сенімсіз болашақ құра аламыз ба?» болуға тиіс.

BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — Alaa Murabit. (Abbey Drucker) — ONLY FOR USE WITH ARTICLE SLUGGED — BC-TP-MURABIT-2026-ART-NYTSF — OTHER USE PROHIBITED.

You may also like

Turning Points: жаһандық күн тәртібі 2026

Біз жаһандық сауданың соңын көріп отырмыз ба? The New York Times

Біз сарапшылардан жеткізу тізбектерінің болашағын және олардағы өзгерістердің ұлттық экономикаларға қалай әсер ететінін болжап көруді сұрадық.
Turning Points: жаһандық күн тәртібі 2026

Әлемдік тәртіп өзгеріп жатыр. Демократия оған ілесе ала ма? Пита Лимжароенрат

Қаңтар айында Дональд Трамп екінші мәрте ант беріп, қызметіне кірісті. Бұл әлемді дүр сілкіндіріп, антидемократиялық көшбасшыларды жігерлендірді.