Автор: Пита Лимжароенрат
Turning Points: Global Agenda 2026
Қаңтар айында Дональд Трамп екінші мәрте ант беріп, қызметіне кірісті. Бұл әлемді дүр сілкіндіріп, антидемократиялық көшбасшыларды жігерлендірді.

Тай саясатынан шеттетілген соң, бүгінгі демократия туралы біраз ой түйдім.
Былтыр мені саясаттан кетуге мәжбүрледі.
Мәселе жасымда емес – небәрі 43 жаста болдым, алдымда ұзақ та болашағы зор саяси жол тұрды.
Мәселе қабілетімде де емес. Керісінше, 2023 жылғы сайлауда мен Таиландтың Move Forward партиясын жеңіске жеткіздім. 40 миллиондай дауыстың 14 миллионынан астамын жинадық, қатысу деңгейі рекордтық 75,2 пайыз болды. Бұл нәтиже мені келесі үкімет басшысы етуге тиіс еді.
Бірақ 2024 жылғы 7 тамызда Таиландтың Конституциялық соты Move Forward партиясын таратып жіберді. Елдің әскери хунтасы тікелей немесе жанама тағайындаған соттар мені де 10 жылға саясаттан шеттетті. Сөйтіп мен «болашақ премьер-министрден» «мандатынан айырылған депутатқа» айналдым. Халықтың таңдауына ашық қарсы шығып, демократияны тұншықтыруға жұмыс істейтін институттар мені демократиялық мандатымнан айырды.

Осындай күйзелістен кейін мен бір кездері өз үйімдей көрген жерге – Харвард Кеннеди мектебіне қайта оралдым. Бірақ бұл жолы талабы тасыған, көзінде оты бар жас түлек ретінде емес, саяси соққы көрген тәжірибелі зерттеуші ретінде келдім. Парадоксы сол, елде қызмет етуге жарамсыз деп танылған мен шетелде қайта жарамды болып, авторитар үкіметтер билікті сақтау үшін қолданатын жаңа тәсілдер туралы дәріс оқып, өзгеріп жатқан әлемге жаңа буын көшбасшыларды дайындаумен айналысып жүрдім.
Осы академиялық кезең маған көптен бері сезіп жүрген нәрсені анық көруге мүмкіндік берді: демократия тек Таиландта ғана емес, бүкіл әлемде әлсіреп тұр. Мен бұл ойды Бангладеш, Венесуэла, Мьянма, Гонконг, Тунис, Оңтүстік Корея және АҚШ сияқты елдерден келген реформаторлармен, саясаткерлермен және зерттеушілермен талқыладым. Тарихымыз әртүрлі болғанымен, сабақ бір: демократия өздігінен өмір сүре алмайды. Оны көз жазбай қадағалау қажет, ал оның қорғаушы тетіктері көпшілік ойлағаннан да тез құлдырауы мүмкін.

2024 жылдың қарашасында мен Кеннеди мектебінің студенттерімен бірге сайлау кешіне қатысып, тарихтың қалай өрбіп жатқанын көзіммен көрдім. Бұл жерге алғаш рет 2008 жылы келген едім: сол кезде Барак Обама атты жас қара нәсілді сенатордың президенттік сайлауда жеңіске жеткен сәтіне куә болып, жаңа демократиялық дәуірдің туып келе жатқанына сенгенмін. Арада он алты жыл өткенде, дәл сол бөлмеде, күреске толы сайлау науқанынан өткен, премьер-министрлікке үміткер болған бұрынғы саясаткер ретінде Президент Дональд Трамптың қайта сайланғанына қарап тұрдым. Орын сол қалпы, бірақ менің де, әлемнің де саяси ахуалы мүлде басқа еді.
Сол түні басталған нәрсе – тек АҚШ саясатындағы жаңа кезең емес, жаңа әлемдік тәртіптің кіріспесі еді. Бұл тәртіпте одақтар өзгереді, жаһандық нормалар құбылады, ал кейінгі ғасырда халықаралық жүйені айқындаған тұрақтылық енді өзінен-өзі сақталады деп айтуға келмейді. Әлемнің әр түкпірінде геосаяси шиеленістер өршіп келеді. Ресей–Украина соғысы жалғасуда; Израиль мен Хамас арасындағы қақтығыс одақтарды қайта құруда; Үндістан мен Пәкістан арасындағы ерегіс те бәсеңдер емес. Бұлардың әрқайсысының жаңғырығы Таиландқа да жетіп жатыр. Камбоджа мен Таиланд арасындағы даулар кейінгі он жылдан бергі ең күрделі деңгейге жетті. Бұл – әлемнің кез келген бөлігінде тұрақтылықтың әп-сәтте күйреуі мүмкін екенін еске салатын белгі.
2026 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (ASEAN) аса жауапты кезеңге аяқ басады. Ескі түйткілдер әлі шешілмеген, ал жаңа қиындықтар көз ілеспес жылдамдықпен пайда болып жатыр, мұның бәрі АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік күшейіп жатқан уақытта болып отыр. Екі державаның да Оңтүстік-Шығыс Азияны өз ықпал аймағына тарта алатын мүмкіндігі де, ниеті де бар. Бұл ASEAN-ның өз болашағын өзі айқындайтын ұйым емес, сыртқы күштердің текетірес алаңына айналу қаупін арттырады.
Осындай саяси жағдайда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің дәстүрлі «бейтараптық» ұстанымы, яғни бір тарапқа болысудан бас тарту немесе қашықтан бақылау жеткіліксіз болуы мүмкін. Бейтараптықты жай қорған ретінде пайдаланатын мемлекеттердің бұл қалқаны ірі державалардың қысымымен оңай бұзылуы ықтимал. Ал оны белсенді стратегия ретінде ұстанғанда ғана біз түрлі тараптан түсетін қысымды теңгеріп, өз дербестігімізді сақтай аламыз.
Бейтараптықты саналы, ойластырылған стратегия ретінде қолданатын мемлекеттер егемендігін жоғалтпай-ақ талаптарын мойындатуға, асимметриялы қарым-қатынастарды тепе-тең ұстап, ықпалын жоғалтпай басқаруға және қажетсіз келісімдерден аулақ болуға көбірек мүмкіндік алады. Қазіргі ірі державалардың қақтығысы күшейген кезеңде бұл қабілет тек ұлттық деңгейде емес, ұжымдық деңгейде де дамуға тиіс деп ойлаймын. ASEAN-ның біртұтас блок ретінде әрекет ету қабілеті оның бейтараптығы шынайы сауда күшіне айнала ма, әлде мүше елдерін оқшауланған, әлсіз күйде қалдыра ма – соны анықтайды.
Сыртқы саясат –ішкі саясаттың айнасы. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сайлау жүйелері мен конституциялардың астарында әскер мен саяси әулеттердің күрделі желісі жатыр. Менің өз саяси жолым көрсеткендей, біздің өңірді реформаторлардан гөрі билікті мұраға алған әулеттер жиі басқарады. Бұл әулеттер өз атын сақтауы мүмкін, бірақ әлем икемділік талап еткен заманда ASEAN-ды әлсіретіп алды. Менің үмітім – келесі буын көшбасшылары алда тұрған міндеттерді мойнына алатын немесе орнын босататын уақыттың келуі. Демократия күтіп тұрмайды.
Мен ASEAN кеңістігінде жаңа буын көшбасшыларының артықшылықпен емес, мақсатпен бірігіп көтерілетін болашағын елестетемін. Олардың міндеті – өңірдің әлеуетін жаңғырту: әртүрлілікті – күшке, дағдарысты – бәсекеге қабілеттілікке, ал тілектерді – нақты нәтижеге айналдыру. Егер біз осы жаңа дауыстарды қолдап, олардың басшылыққа келу жолын ашсақ, ASEAN әулеттер мен ішкі алауыздықтан арылып, әлемдік аренада шынымен де біртұтас әрі төзімді күшке айнала алады.

New York Times Licensing арқылы таратылған.

